Сәуір 8, 2022

Ерболат Досаев Алматының индустриалды аймағына барды

Жұмыс сапары барысында Алматы әкімі индустриалды аймақтың даму перспективаларымен және проблемалық мәселелерімен танысты.

Қала басшысы Hyundai Trans Kazakhstan жеңіл автомобиль шығаратын зауыттың жұмысымен танысты. Кәсіпорында ірі торапты және ұсақ торапты құрастыру, шанақты дәнекерлеу, лак-бояу жабынын жағу, интерьерді орнату және құрастыру бойынша өндірістік процесс жолға қойылған. Өткен жылы зауыт 26 мың автокөлік өндірді, ел бюджетіне 9,4 млрд теңге салық аударылды. Ағымдағы жылы кәсіпорын толық қуаттылыққа шығып, 45 мың автокөлік шығаруды көздеп отыр.

Ерболат Досаевқа автокомпоненттер шығаратын зауыттың жобасы таныстырылды. Жаңа кәсіпорын орындықтарды, автокөліктерге арналған пластикалық бөлшектер мен аксессуарларды, сондай-ақ мультимедиялық жүйелерді шығарады. Зауыт құрылысы биылғы жылдың күзіне жоспарланған. Компания тағы бір автомобиль зауытын салу және шанақ бөлшектерін штамптау өндірісін іске қосу жоспарлары туралы хабарлады. Кәсіпорын өндірісті локализациялауды арттыруға ниетті.

Алматы әкімі жобалық қуаты жылына 100 мың тонна өнім шығаратын үлкен диаметрлі Asia Steel Pipe Corporation болат дәнекерлі құбырлар шығаратын зауытқа (компания дайын өнімдерді Өзбекстан, Түркменстан, Тәжікстан, РФ, Қытай, Қырғызстан сияқты таяу шетелдерге экспорттауды жоспарлауда), қуаттылығы жылына 20 млн бірлік өнім беретін (экспорттау жоспарлануда, негізінен РФ-на) Valtherm алюминий және биметалл радиаторларын шығаратын кәсіпорынға, қуаты жылына7,2 мың тонна көкөніс өнідіретін BRB APK жылыжай кешеніне (қазақстандық өткізу нарығынан басқа, компания өнімді РФ-ға және БАӘ-ге экспортқа жеткізеді) барды. Жалпы алғанда, бұл жобаларға 71,5 млрд теңге инвестицияланды, 1 200-ден астам жұмыс орны құрылды.

Қала басшысы индустриалды аймақтағы инженерлік инфрақұрылымының жағдайын көрді. Бүгінде 2017 жылы салынған «Индустриалды» теміржол станциясын составтардың жойылу қаупіне байланысты көліктік бақылау инспекциясы жауып тастаған. Тағы бір нысан – кірме теміржолдар 2018 жылы ақауларымен қабылданды. Теміржол станциясы мен жолдардың құрылысы тұрғындар үшін тиімді логистиканы қамтамасыз етіп, олар өндіретін өнімнің өзіндік құнына оң әсер етуі тиіс. Ерболат Досаев станция мен кірме жолдарды пайдалануға беру үшін қажетті жұмыстарды аяқтауды, сондай-ақ оларды қабылдаудың ақаулы фактілерін ағымдағы жылдың 30 қазанына дейін мұқият шешуді тапсырды.

Алматы әкімі сондай-ақ 2018 жылы салынған, бірақ пайдалануға берілмеген нөсер (жаңбыр) кәрізінің жұмыс істемейтін жүйесімен танысты. Қала басшысы қала әкімдігінің уәкілетті басқармаларына мердігер ұйымның міндеттемелеріне тексеріс жүргізіп, материалдарды құқық қорғау органдарына беруді тапсырды.

Ерболат Досаев: «Біз жауапсыз мердігердің мәселесін анықтаймыз, бірақ қазір бізге нөсерлік кәріз жүйесін ретке келтіріп, оны өнеркәсіптік пайдалануға беру маңызды», – деді.

Жұмыс сапары барысында қала басшысы индустриалды аймақты энергиямен қамтамасыз ету жөніндегі проблемалық мәселелермен танысты. Қазіргі уақытта №12 қосалқы станция ғимараты жөндеуді қажет етеді, оның тірек конструкцияларында топырақтың түсуіне байланысты жарықтар пайда болған, бүгінде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу қажет. Ерболат Досаев оларды ағымдағы жылдың қыркүйегіне дейін аяқтауды тапсырды.  

Алматы әкімі өңірлік үйлестіру кеңесі мүшелерінің, индустриалды аймақтың жұмыс істеп жатқан және әлеуетті резиденттерінің қатысуымен кеңес өткізді. Бүгінде индустриалды аймақта қызмет көрсететін компаниялардың функцияларын бірден екі компания орындайды - бұл «Алматыны индустриалды аймағы» ЖШС және «АИА инфрақұрылым операторы» ЖШС.

«One – stop – shop» принципі бойынша инвесторлардың жұмысын жеңілдету үшін "Алматының индустриалды аймағы" ЖШС атынан бір уәкілетті операторды қалдыруды тапсырамын, өзгеге берілген функциялар мен активтерді компанияға қайтару қажет. Осы нақты жағдайда бір оператор индустриалды аймақты дамыту және қолдау мақсатында жұмыс істейтін болады», – деп атап өтті Ерболат Досаев.

Кеңес барысында индустриалды аймақтың аумағын кеңейту, бір білім беру кластері базасында кадрлар даярлау, сондай-ақ қала тұрғындарын кәсіпорындарға жұмысқа орналастыру мәселелері талқыланды.

Ағымдағы жылы жалпы сомасы 13,3 млрд теңге болатын 13 жобаны іске асыру жоспарланған, ал 2025 жылға қарай өндірістік үй-жайлардың жалпы ауданы 250 мың шаршы метр болатын тағы 40 өндірістік паркті пайдалануға беру жоспарлануда.

crossmenu