Алматы индустриалды аймағында теміржол станциясын қараша айының соңына дейін іске қосу жоспарлануда, деп хабарлады «Индустриальная зона – Алматы» ЖШС-нің директоры Әлішер Сатыбалдиев.
«Біз темір жолдардың дайындық актісін алдық. Қараша айының соңына дейін «Индустриальная» станциясы жұмыс істей бастайды. Ол индустриялық аймақ инфрақұрылымының негізгі объектісіне айналатын болады. Учаскенің ұзындығы 8 км, ол «Боралдай» станциясындағы ірі логистикалық орталыққа шығады. Бүгінгі таңда резидент компаниялар темір жолдарға қосылу үшін техникалық шарттар алды. Біздің бағалауымыз бойынша, тасымалданатын жүктердің көлемі жылына 1,8 млн тонна деңгейінде болады деп күтілуде», - деп хабарлады Әлішер Сатыбалдиев.
Алматы индустриалды аймағының жалпы көлемі – 490 гектар. Оның ішінде жобаларға 326 га, инфрақұрылымға 164 га бөлінді.
«Инвесторлардың қызығушылығын ескере отырып, индустриялық аймақтың аумағын 200 гектарға кеңейту туралы Үкіметке ұсыныс енгізуді жоспарлап отырмыз. Күн сайын әлеуетті резиденттермен он шақты кездесулер өтеді, бұл ресейлік және еуропалық компаниялар, көбінесе – Германиядан. Ресейге қатысты санкцияларға байланысты бизнес жаңа өндірістерге арналған балама нүктелерін іздейтінін көріп отырмыз. Әр түрлі салалардағы инвесторлар, бұл мұнай химиясы, медицина, құрылыс индустриясында жұмыс істейтін, құрылыс материалдарын өндірумен айналысатын өкілдер де өте көп», - деді Әлішер Сатыбалдиев.
Ірі компаниялардан басқа мұнда ШОБ секторының кәсіпкерлері белсенді түрде «тіркелуде». Алматының индустриялық аймағы шағын, бірақ өсіп дамып келе жатқан бизнес үшін тартымды болып отыр.
Бүгінде Алматының индустриялық аймағында 67 компания тіркелген. Жоспарланған инвестиция көлемі – 275 млрд теңге. Жыл соңына дейін жалпы сомасы 123 млрд теңге болатын 19 жоба іске қосылады.
Дереккөз: Капитал