9 октября, 2024

«Almaty Finance» тамақ өнеркәсібіндегі жобаны қаржыландырады

«Алматы» ӘКК» АҚ еншілес ұйымы «Almaty Finance» ЖШС Алматыда «Baby Carrots» сортты шағын сәбізін шығаратын Қазақстандағы бірінші цехты іске қосуды қаржыландырды. Қарыз алушы «Eco Sunny Green» ЖШС-не бөлінген 124 миллион теңгенің 99 миллионы құрал-жабдық сатып алуға және үй-жайларды жөндеуге, ал қалған 25 миллионы айналым қаражатын толықтыруға бағытталады.

\

Жоба «Almaty Business-2025» өңірлік кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында қаржыландырылады. Несие лимиті бойынша сыйақы мөлшерлемесі  - жылдық 6%, қаржыландыру мерзімі жабдық сатып алу және үй-жайларды жөндеу үшін  - 7 жыл, айналым қаражатын толықтыру үшін - 3 жыл.

Шағын сәбіз өндіру үшін шикізатты Алматы және Жамбыл облыстарының, сондай-ақ Өзбекстан мен Қырғызстанның шаруаларынан сатып алу жоспарлануда. Цехтың өнімділігі 50% қуаттылықпен жұмыс жасағанда жылына 3 мың тонна дайын өнім береді. Жуылған, туралған және оралған шағын сәбіз 230 және 380 граммдық дербес пакеттермен сатылады.

Қазіргі уақытта «Эко Сани Грин» ЖШС мен гипермаркеттер, сондай-ақ Алматы қаласындағы жекеменшік мектептер арасында дайын өнімді сатып алу ниеті туралы келісімдер жасалды.

         «Цех қаланың Бостандық ауданында орналасады. Жергілікті өндірісті іске қосу тұтынушылар үшін арзан тұрмайтын импорттық шағын сәбіз аналогтарын ауыстыруға мүмкіндік береді, сондай-ақ 15 жаңа жұмыс орнын ашуды қамтамасыз етеді және жергілікті бюджетке түсетін салық түсімдерін арттырады», - деді «Almaty Finance» ЖШС Басқарма Төрағасының орынбасары Жұлдыз Игенов.

 

Анықтама үшін:

«Baby Carrots» - АҚШ-та және Еуропада сәбіз өндірісінің танымал түрі, онда қабығы аршылған көкөністер жуылады, майдалап туралады және тұтынуға дайын күйде сатылады. Бұл өнім балалар үшін де, ересек тұтынушылар үшін де жоғары сұранысқа ие.

 

crossmenu