14 августа, 2024

Әлеуметтік кәсіпкерге Алматыда жеңілдікті шарттармен үй-жайды қалай алуға болады

Алматы қаласының әлеуметтік кәсіпкерлері тұрғын емес үй-жайды нарықтық бағадан төмен бағамен ала алады. Мұндай мүмкіндікті «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұсынады, деп хабарлайды NUR.KZ.

Алматыда кәсіпкерлік қызметке арналған үй-жайларды жалға алу бағасының жыл сайын өсуі байқалады. Орташа есеппен алғанда, бір шаршы метрді жалға алудың бағасы 5 мыңнан 25 мың теңгеге дейінгі соманы құрайды, бұл бастапқы кезеңде, әсіресе әлеуметтік кәсіпкерлік саласында стартаптардың шығындарын едәуір арттырады.

2022 жылдың басынан бастап әлеуметтік мәселелерді шешуге бағдарланған бизнес үшін "әлеуметтік кәсіпкерлік" термині заңнамалық түрде бекітілді. Мұндай мәртебе халықтың осал топтары арасынан жұмыскерлерді жұмыспен қамтамасыз ететін, өздері өндірген өнімді өткізетін не осындай топтар үшін тауарлар шығаратын және қызметтер көрсететін жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларға беріледі.

Бүгін оңтүстік астанада әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау мақсатында жеңілдікті шарттармен тұрғын емес үй-жайларды жалға берудің конкурстарын негізгі өңірлік даму институты "Алматы" ӘКК өткізеді.

Мұндай объектілерді жалға алу құны бір шаршы метр үшін 0,1 АЕК немесе 369 теңгені (2024 жылы 1 АЕК – 3 692 теңге) құрайды, бұл нарықтық құннан едәуір төмен.

Жеке кәсіпкер Салтанат Байбатырова мұндай үй-жайдың иегерлерінің бірі атанды. Салтанат бала көйлектерін, ұлттық киім, фотосессияларға арналған киімдерді тігумен айналысады. Салтанат БМС диагнозы қойылған баласын бағып-қағумен қатар ұзақ уақыт бойы үйінде киім тікті. Оның әдемі және ұлттық киімдерді тігуге деген құлшыныс шабыт беріп, күш пен идеяларының қайнар көзіне айналды. Осылайша, 2022 жылы ол толыққанды өндірісті бастау туралы шешім қабылдады.

"Алматыда коммерциялық жылжымайтын мүлікті жалға алудың бағасы өте қымбат, оны әркімнің қалтасы көтере бермейді. ӘКК әлеуметтік бастамаларды қолдайтынын білген соң, бағымды сынап көруді шештім. Барлық құжаттарды тез жинап, жобамды конкурстық комиссияның қарауына ұсындым", - дейді Салтанат.

Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жұмыс орындарын құру Салтанат жобасының негізгі аспектілерінің бірі болды. Ол өзінің өндірісін іске асыруға ғана емес, сонымен қатар жұмыс іздеуде қиындықтарға тап болғандардың өмірін жақсартуға үлес қосуға тырысатынын түсінді, нәтижесінде оның жобасы мақұлданды.

"Қазір мен Әуезов ауданында 125 шаршы метр үшін айына 48 мың теңге төлеп отырмын. Бұл мегаполис үшін өте жақсы баға. Менің әлеуметтік жобам сәтті жұмыс істеп жатқанына өте қуаныштымын. Бүгінгі таңда біз ай сайын 50-ге жуық киім тігіп жүрміз. Сондай-ақ, тігін ісін үйренуді қалайтындар үшін еберлік кластарын өткіземін. Мен ӘКК-ге көрсеткен қолдауы үшін өте ризамын!"- деді Салтанат Байбатырова.

ӘКК шарттарына сәйкес әлеуметтік кәсіпкерлер үй-жайды ұзарту мүмкіндігімен 3 жылға дейінгі мерзімге сатып алу құқығынсыз алады. Сондай-ақ, жоба шеңберінде 2 айға дейінгі жеңілдікті кезең қолданылады, бұл кезде жалға алу төлемдері жасалмайды. Объекті ағымдағы жағдайында беріледі, қажет болған жағдайда жалға алушы жөндеу жұмыстарын өз бетінше жүргізе алады және коммуналдық қызметтермен шарт жасаса алады.

"Бүгінде ӘКК Алматыда 28 әлеуметтік жобаны қолдап отыр. Бұл негізінен тігін өндірісі, білім беру қызметтері, халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған оқу курстары және мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған даму орталықтары", - деп атап өтті "Алматы" ӘКК жобалармен жұмыс жөніндегі департаментінің директоры Ұлан Өсербаев.

"Бізде бос орын пайда болған сәтте конкурс жариялап отырамыз. Әлеуметтік бағдарланған жобаны жүзеге асырғысы келетін кез-келген кәсіпкер оған үміткер бола алады. Балаларға, ересектерге, зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналары мен қамқоршыларына, көп балалы ата-аналарға арналған инклюзивті орта мен білім беруді қолдау жөніндегі жобаларға, сондай-ақ креативті индустрия мен денсаулық сақтау саласының жобаларына қарау кезінде басымды беріледі", - деді Ұлан Өсербаев. 16 тамызды қоса алғанда ӘКК Медеу ауданында үш үй-жайды жалға беруге конкурс өткізеді. Толығырақ мына жерден білуге болады.

crossmenu