Алматы ӘКК Қазақстан өңірлерінен 100-ден астам кәсіпкердің қатысуымен өткен «Жері күрішті, елі ырысты Қызылорда» ауқымды жәрмеңкесіне қатысты. Жәрмеңкенің негізгі міндеті алдағы уақытта маусымаралық кезеңде азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін болашақ өнімді жеткізу бойынша алдын ала меморандумдар жасасу болды.
Шараға сауда және интеграция вице-министрі Серік Жұманғарин, сауда және ауыл шаруашылығы вице-министрлері, әкімдердің орынбасарлары мен барлық облыстардың әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының төрағалары, соның ішінде Алматы ӘКК өкілдері қатысты.
Жәрмеңкеде 35 күріш өндіруші мен Қызылорда өңірінің тұз өндіретін екі кәсіпорны нарықтық бағадан 20% -ға төмен бағамен өнім ұсынды. Сондай-ақ, Ақтөбе, Жамбыл және Павлодар облыстарының кәсіпкерлері әлеуметтік маңызды тауарларды ұсынды.
Жәрмеңке қорытындысы бойынша Алматы ӘКК мен «Асыл дән LTD» арасында күріш өнімдерінің бағасын тежеу бойынша ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Меморандумға сәйкес, Алматы қаласы 2023 жылдың күзіне ҚҚС-пен 400 тг/кг босату бағасымен 1000 тонна күріш жармасын сатып алады. Бүгінгі таңда күріштің ағымдағы бағасы 550 тг/кг жоғары.