Алматы қаласының тұрақты сыртқы сауда байланыстарын дамыту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында "Алматы "ӘКК Тәжікстан Республикасының экспорттаушыларымен және ауыл шаруашылығы өндірушілерімен жұмыс кездесулерін өткізді.
Сапар барысында азық-түлік өндірушілермен және экспорттаушылармен тікелей байланыс орнатылып, Тәжікстан Республикасының Хатлон облысынан Қазақстанға ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізудің мүмкін болатын кестесі, тізімі және көлемі таныстырылды.
Келіссөздердің негізгі нәтижесі "Алматы "ӘКК, Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы мен Тәжікстан Республикасының Сауда палатасы арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қою болды. Құжат өңірлік азық-түлік қауіпсіздігі шеңберінде ұзақ мерзімді әріптестікті дамытуға және азық-түлік жеткізілімдерін кеңейтуге бағытталған.
Тараптар сондай-ақ Алматы қаласының аумағында өңірлік тарату орталығын бірлесіп салу жөніндегі перспективалық жобаларды талқылады, бұл логистиканы оңтайландыруға және мегаполиске ауыл шаруашылығы өнімдерін тұрақты жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жасалған келісімдер Алматы қаласының тұрғындары үшін азық-түлік қауіпсіздігін және әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ететін өзара жеткізудің тұрақты жүйесін дамытуға негіз жасайды.