Күздің келуімен Алматы қаласы мен Алматы облысының фермерлері демалыс күнгі жәрмеңкелерде жаңа өнімдерін ұсынуда. Осыған байланысты жәрмеңкелерге келушілер саны 10%-ға артты және қазіргі уақытта аптасына 50 мың адамға жетіп отыр.
Келушілер санының артуы Жетісу ауданында жаңа жәрмеңкенің ашылуымен де байланысты. Жалпы, жәрмеңкелер қаладағы бес ауданда — Алмалы, Бостандық, Әуезов, Медеу және Жетісу аудандарында өткізіледі. Іс-шаралардың ұйымдастырушысы «Алматы» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы.
Бұдан бөлек, жыл басынан бері демалыс күнгі жәрмеңкелерге қатысатын фермерлер мен ауыл шаруашылығы өндірушілерінің саны 10%-ға артып, 330-ға жетті. Олар 1 000-нан астам тауар түрін ұсынады. Өнімдер ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен және қайта өңдеу кәсіпорындарынан тікелей, делдалсыз жеткізіледі, бұл бағалардың нарықтық деңгейден төмен болуын қамтамасыз етеді.
Өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыру мақсатында «Алматы» ӘКК келесі аптада Алмалы ауданында қосымша жәрмеңке ашады. Өткізу орны туралы қосымша хабарланатын болады.
Жәрмеңкелер әр сенбі және жексенбі күндері сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін келесі мекенжайларда өткізіледі:
• Алмалы ауданы — Масанчи көшесі, Гоголь және Айтеке би көшелерінің арасы;
• Бостандық ауданы — Қазақфильм шағынауданы, Исиналиев көшесі;
• Әуезов ауданы — Өтеген батыр көшесі, Абай даңғылының төменгі жағы;
• Медеу ауданы — Мендықұлов бульвары, Бектұров көшесінің қиылысы;
• Жетісу ауданы — Құлагер шағынауданы, Серіков көшесі, 2.
Демалыс күнгі жәрмеңкелерден бөлек, жаңа өнімдер қаланың сауда желілерінде де қолжетімді бағамен ұсынылуда. Республикалық «Береке Fest» акциясы аясында сауда желілері қазақстандық өндірушілер үшін арнайы аймақтар бөледі. Бұл шара өнімдерді төмендетілген бағамен сату, отандық өндірісті қолдау және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, акция аясында Алматы қаласының Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы, «Алматы» ӘКК, сондай-ақ Magnum, Small және Toimart сауда желілері арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Құжаттар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының барлық түріне сауда үстемесін 10%-ға дейін төмендетуді көздейді.
«Береке Fest» акциясы биылғы жылдың қазан айының соңына дейін жалғасады.