Алматыда жаңа реновациялау бағдарламасы қабылданды, деп хабарлайды 24kz.
Мегаполистегі тұрғын үй қорын жаңартуға бағытталған бағдарлама аясында 2030 жылға дейін 676 ескі үй бұзылып, тұрғындар жаңа пәтерге көшіріледі. Жаңа бағдарламаның басты ерекшелігі – тұрғын үй иелерінің құқықтарын қорғау тетіктері енгізілді. Яғни ескі үй бұзылғанда меншік иесіне пәтерін жаңа пәтерге ауыстыру немесе нарықтағы бағасына қарай ақшалай өтемақы алу мүмкіндігі беріледі. Сонымен қатар барлық меншік иесі келісім берсе ғана үй бұзылады. Бағдарламада мүгедектігі бар тұрғындарға пәтерді бірінші қабаттан беру немесе жеделсатысы бар үйге көшіру қарастырылған. Қазір Алматыда 1366 ескі үй бар. Оларда 43 мыңнан аса адам тұрады. Жасұлан Шәйкенов, «Алматы қ. әкімдігі күрделі құрылыс кәсіпорны» реновация департаментінің директоры: - Жаңа бағдарлама біздің өкілеттіктерімізді кеңейтеді. Бұған тек тозығы жеткен тұрғын үйлер ғана емес, сонымен қатар жеке тұрғын үйлер жатады. Сондықтан 1366 үй сол бағдарламаға жатады. Бұл қаланың барлық 8 ауданын толығымен қамтиды.Ескі үйлердің көпшілігі негізінен Түріксіб ауданында орналасқан.