18 сентября, 2025

Алматыда шыны ыдыстар шығаратын зауыт ашылады

Алматы Индустриялық аймағында шыны ыдыстар шығаратын зауыт іске қосылады.

Кәсіпорын 6,4 мың шаршы метр аумақта орналасады және 75% жүктеме кезінде жылына 21,6 мың тоннадан астам өнім шығара алады. 58 жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда.

Зауыттың іске қосылуы Ресей мен Өзбекстаннан келетін импортқа тәуелділікті азайта отырып, Қазақстанның ішкі нарығын шыны ыдыспен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бүгінде елімізде үш шыны зауыты жұмыс істейді – екеуі Алматыда және біреуі Шымкентте, олар нарық қажеттіліктерінің жартысын ғана жабады.

Жобаны «Алматы» ӘКК еншілес ұйымы – «Almaty Finance» ЖШС қаржылық қолдауымен «Бағдар ЛТД» ЖШС жүзеге асыруда. Іске қосуға «Almaty Business – 2025» бағдарламасы аясында 500 млн теңге бөлінді. Оның ішінде 300 млн теңге жабдық сатып алуға, іске қосу-жөндеу жұмыстары мен логистикаға, тағы 200 млн теңге айналым қаражатын толықтыруға жұмсалды. Қаржыландыру мөлшерлемесі жылдық 6% құрады, мерзімі – 4 жылға дейін.

«Жоба орнықты өндірісті дамытуға және циркулярлы экономика қағидаттарын қолдауға бағдарланған. Осылайша, шыны ыдысты өндіруден басқа, зауыт қалдықтарды кәдеге жарату және қоршаған ортаны қорғау проблемасын шеше отырып, шыны сынықтарын қайта өңдейтін болады», - деп атап өтті «Almaty Finance» ЖШС Басқарма төрағасы Берік Құсайынов.

Зауыт сонымен қатар шыны сынығын өңдеумен айналысады, бұл қалдықтардың көлемін қысқартуға және циркулярлы экономика қағидаттарын дамытуды қолдауға мүмкіндік береді.   

Анықтама үшін:

«Almaty Finance» ЖШС — 2019 жылы құрылған кредиттік ұйым, «Алматы» ӘКК» АҚ еншілес компаниясы болып табылады. «Almaty Finance» ЖШС Алматыдағы ШОБ субъектілеріне жеңілдікті қаржыландыруды ұсынады. Қарыздың ең жоғары сомасы – 500 млн теңге. Мерзімі – 7 жылға дейін. «Almaty Finance» кредиттеуді «Almaty Business-2025» өңірлік бағдарламасы аясында жүзеге асыруда.

crossmenu