13 января, 2025

Алматыда орау қағазын шығаратын кәсіпорынды кеңейту қаржыландырылады

«Алматы» ӘКК» АҚ еншілес ұйымы, «Almaty Finance» ЖШС Алматыда экологиялық орау қағазы мен қағаз қапшықтар өндіретін кәсіпорынды кеңейтуді қаржыландырды.

«Almaty Business – 2025» кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік бағдарламасы шеңберінде бөлінген 90 млн теңгені «ADANAZ» ЖШС жабдық сатып алуға, дайын өнім ассортиментін кеңейтуге және цехты қайта орналастыруға бағыттайды. Берілетін несие лимит бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық 6%, қаржыландыру мерзімі - 6 жылды құрайды.

Өндірісті масштабтау компанияға цех жүктемесінің 75% кезінде жылына 2 млн данадан астам дайын экологиялық өнім шығаруға мүмкіндік береді. Ауданы 1 440 ш.м. жаңа өндірістік цех «Алматы индустриялық аймағы» аумағындағы шағын өнеркәсіптік паркте («Алматы» ӘКК еншілес ұйымы) орналасатын болады. «Индустриялық аймақтың» инфрақұрылымы кәсіпорынның тұрақты жұмысын және ыңғайлы логистиканы қамтамасыз етеді, бүкіл республика бойынша клиенттерге жылдам қызмет көрсетуге ықпал етеді.

«Жобаны қаржыландыру Қазақстанда өсіп келе жатқан экологиялық орау шешімдеріне сұранысты қанағаттандыруға, кәсіпорындағы жұмыс орындарының санын 14-тен 17-ге дейін арттыруға және өңірдің тұрақты экономикалық дамуына үлес қосуға мүмкіндік береді", - деп атап өтті «Almaty Finance» ЖШС Басқарма төрағасының орынбасары Жұлдыз Игенов.

Анықтама үшін:

«Almaty Finance» ЖШС - 2019 жылы құрылған кредиттік ұйым «Алматы» ӘКК» АҚ еншілес компаниясы болып табылады. «Almaty Finance» ЖШС Алматыдағы ШОБ субъектілеріне жеңілдікті қаржыландыруды ұсынады. Несиелеудің мақсаты-жаңа өндірістер құру және айналым қаражатын толықтыру. Қарыздың ең жоғары сомасы-500 млн теңге. Мерзімі-7 жылға дейін. «Almaty Finance» несие беруді "Almaty Business-2025"кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік бағдарламасы шеңберінде іске асырылады.

 

crossmenu