4 июня, 2024

Алматыда кезекті шағын өнеркәсіп паркі салынады

"Алматы" ӘКК-нің еншілес ұйымы, "Almaty Finance" ЖШС Алматыда кезекті шағын өнеркәсіп паркін (ШӨП) салуға несие желісін ашты. Жобаны қаржыландыру "Almaty Business – 2025" кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылуда. Несие желісінің сомасы жылдық 6% *мөлшерлеме бойынша 500 млн теңгені құрады.

Жобаны "MIRUS Company" ЖШС жүзеге асыруда. Несие желісін ашу кезінде жобаға салынған инвестиция көлемі 200 млн теңгеге жетті.

Ауданы шамамен 5 000 м² құрайтын ШӨП Алматы Индустриялық аймағының аумағында 2025 жылдың қаңтарында пайда болады. Құрылыс аяқталғаннан кейін ШӨП-те 5-тен 10-ға дейін қазақстандық кәсіпорын орналасады, онда 400-ге жуық жұмыс орны ашылады. Алаңдар бизнеске жеңілдетілген шарттармен – м² үшін 1 350 теңгеге дейін жалға беріледі. Сондай-ақ оларды м² үшін 180 000 теңге бағасымен кейіннен сатып алуға рұқсат беріледі.

"ШӨП - бұл шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін өндірісті іске қосуға дайын орын-жайлармен қамтамасыз ететін аумақ. Қазіргі уақытта Алматы аумағында 30-дан астам шағын өнеркәсіп паркі жұмыс істейді, оның 11-ін "Almaty Finance" ЖШС қаржыландырды. "Almaty Business – 2025" бағдарламасы аясында мұндай жобаларды қаржыландыру жылдық 6%* мөлшерлемесі бойынша жеңілдікті шарттармен жүзеге асырылады", - деп атап өтті "Almaty Finance" ЖШС Басқарма төрағасының орынбасары Жұлдыз Игенов.

 * Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі жеке есептеледі

Анықтама үшін:

 "Almaty Finance" ЖШС — 2019 жылы құрылған несиелік ұйым, "Алматы" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" АҚ еншілес компаниясы болып табылады. "Almaty Finance" ЖШС Алматыдағы ШОБ субъектілеріне жылдық 2% немесе 6% мөлшерлеме бойынша жеңілдікті қаржыландыруды ұсынады (ЖТСМ). Несиелеудің мақсаты - жаңа өндірістер құру және айналым қаражатын толықтыру.  Қарыздың ең жоғары сомасы – 500 млн теңге. Мерзімі – 7 жылға дейін. "Almaty Finance" несиелеу бағдарламасы "Almaty Business-2025" аясында жүзеге асырылады.

"Алматы" Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" АҚ - даму институты, мемлекет ресурстары мен бизнес арасындағы көпір. "Алматы" ӘКК қызметі тұрақты жеке кәсіпкерлікті дамыту жағдайында қоғамның әлеуметтік, білім беру, мәдени мәселелерін шешуге бағытталған.

crossmenu