Алматыда Қазақстанның түрлі өнеркәсіп салаларының кәсіпорындары үшін басқару және автоматтандыру жүйелерінің өндірісі жолға қойылды.
Жаңа өндірісте технологиялық процестерді басқарудың автоматтандырылған жүйелерінің (ТП АБЖ) шкафтарын және апатқа қарсы қорғау (ПАЗ) жүйелерін шығару қолға алынбақ. Шығарылатын жабдық мұнай мен газды өндіру, өңдеу, тау-кен өнеркәсібі, энергетика, химия, мұнай-химия және басқа салаларда отандық кәсіпорындардың қауіпсіздігін арттыру үшін пайдаланылады.
Жобаны электронды басқару және автоматтандыру жүйелері нарығында әлемдік көшбасшылардың бірі американдық Honeywell корпорациясы жүзеге асырады.
«Алматыда жаңа өндірс орнының ашылуы қалададағы инвестициялық ахуалдың жақсы екенін көрсетеді. Әкімдік қаланың тұрақты экономикалық дамуына ықпал ететін жобаларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын", - деді іс-шараның ашылу салтанатында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров.
Жыл басынан бері Алматы қаласы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 580,6 млрд теңгені құрады, нақты көлем индексі - 117,9%.. Негізгі салымдар жылжымайтын мүлікке қатысты жасалатын операциялар - 282,4 млрд теңге, көлік және қойма - 86,5 млрд теңге, өнеркәсіп - 48,7 млрд теңге, қаржы және сақтандыру қызметі - 41,3 млрд теңге, білім беру – 31,7 млрд теңге сияқты салаларда белгіленген.
Бүгінгі таңда Алматыда 2022-2025 жылдарға арналған жалпы құны 1,8 трлн теңге болатын 5,3 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 185 инвестициялық жобадан тұратын пул құрылды. Ағымдағы жылы 2,8 мыңнан астам жұмыс орнын ашу, 588 млрд теңгеге 77 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.