18.11.2024
Алматыда өнеркәсіптік парктердің көптеп ашылуы шағын және орта бизнесті дамытуға мол мүмкіндік беріп отыр. Қазірдің өзінде шаһардың индустриалды аймағында 11 технопарк жұмыс істеп тұр. Кәсіпкерлерге жалпы аумағы 42 мың шаршы метр болатын үй-жай жалға беріледі. 8 жыл ішінде индустриалды аймақтағы компаниялар бюджетке 60 млрд теңгеден астам салық төлеген.
Бұл кәсіпорын «Алатау индастриал паркінде» орналасқан. Балалар ойын алаңы мен дене шынықтыру құралдарын шығарумен айналысады. Осыған дейін қала ішінде 2 мыңға жуық спорт алаңын орнатыпты.
Мұрат Сабырғалиев, «Adra Trading» ЖШС директорының орынбасары:
Осы цехта жұмыс істеп жатқанымызға 1,5 жыл болды. Мына жерде 1 000 шаршы метр. Осы жерге аренда төлейміз. Жұмыс жасаймыз. Бүкіл жағдай жасалған.
Жалпы «Алатау индастриал парк» аумағында жеті кәсіпорын орналасқан. Оның ішінде айна жасайтын, жанар-жағар май бекетіне арналған құрылғылар мен жарнамалық тақтайшалар шығаратын екі үлкен типография бар.
Біржан Асылханов, «Alatau Industrial Park» ЖШС басқарушы директоры:
«Алматы қаржы» бағдарламасы арқылы 7 жылға 500 млн теңге жеңілдетілген несие алдық. Осы арқылы шағын өнеркәсіптер паркін құрып отырмыз. Мұнда 50-ден аса адам жұмыс істейді. Сондай-ақ «Алматы индустриалды аймағы» да бізді қолдап отыр.
Бұл аумақта кәсіпкерлер үй-жайды жеңілдікпен жалға алады. Әр шаршы метріне 1 350 теңге төлейді.
Жандос Намбаев, «Алматы индустриалды аймағы» ЖШС индустриалды парктермен жұмыс департаментінің басшысы:
Кәсіпкерлер осындай аумаққа орналасқаннан кейін олар бір-бірімен тәжірибе алмасуы мүмкін. Бір-бірінің бизнестерін көріп, бір-бірімен серіктес құруы әбден мүмкін. Өнеркәсіптік паркте кәсіпкерлер әртүрлі салаларда жұмыс істей алады.
«Алматы индустриалды аймағында» 3,5 мың адам жұмыспен қамтылған. Жыл соңына дейін 5 өнеркәсіптік паркті іске қосу жоспарланып отыр.