14 октября, 2025

Алматыда бөлмеаралық есіктер өндіретін зауыт ашылады

  Алматы индустриялық аймағында бөлмеаралық есіктер өндіретін өнеркәсіптік кешен құрылысы басталады.  Зауыттың іске қосылуы 2026 жылғы тамыз айына жоспарланған.
  Кәсіпорын ауданы 0,84 га учаскеде орналасады және жалпы ауданы 2,4 мың шаршы метрден асатын өндірістік цехтарды, шикізат пен дайын өнім қоймаларын, әкімшілік ғимаратты және ілеспе инфрақұрылымды қамтитын болады.
  Кешенді іске қосу нарықта сұранысқа ие 120 000 есікке дейін өндіруге мүмкіндік береді. Олардың ішінде — царгалы, боялған, сонымен қатар қазіргі заманға сай жабындары бар модельдер: ламинат, ПВХ, шпон, эмаль, бұзуға төзімді қабықшалар.
  Өндірістік процестер Еуропаның жасыл стандарттарына (EU Green Standards) сәйкес ұйымдастырылады, өндірісте құрамында канцерогенді заттектері жоқ және онкологиялық ауруларды тудырмайтын экологиялық материалдар мен жабындар қолданылатын болады. Есіктер мектептерде, балабақшаларда және медициналық мекемелерде орнату үшін толығымен қауіпсіз болады.

  Дайын өнім импортты алмастыруға да, Орталық Азия мен Шығыс Еуропа елдеріне экспортқа да бағдарланған.
  Кемінде 25 жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда. Қала бюджетіне күтілетін салық түсімдері 5 жыл ішінде кемінде 70 млн теңгені құрайды.

  Жобаны «Алматы» ӘКК еншілес ұйымы – «Almaty Finance» ЖШС қаржылық қолдауымен «Le porte M» ЖШС іске асырады. 280 млн теңге көлеміндегі қаржыландыру жылдық 6%-бен 7 жылға дейінгі мерзімге берілді. Негізгі кепілгер – жұмыс істеп жатқан кәсіпорын «Абсолют Флор» ЖШС және Қазақстанның 16 облысы мен қалаларындағы барлық ірі құрылысшылар мен компаниялармен жұмыс істейтін, өнім дистрибьюторы «Le porte M» ЖШС.

  «Жоба жергілікті өндірісті дамытуға және елдегі есік өнімдерінің сапасын арттыруға бағытталған. Бұдан басқа, зауыт жаңа жұмыс орындарын ашады және Алматының өнеркәсіптік инфрақұрылымын дамытуға ықпал етеді», - деп атап өтті «Almaty Finance» Басқарма төрағасы Берік Құсайынов.

crossmenu