14 декабря, 2020

Алматыда азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін 7 млрд теңге бөлінді

Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру үшін 7 млрд теңге бөлінді. Жергілікті бюджеттен қарастырылған қаражатқа өңірлерден жеткізілетін өнімге интервенция жасалып, азық-түлік қоймасы алдын-ала толтырылды. Қазір қала қоймаларында сатып алынған 3 жарым мың тонна құмшекер мен 700 тонна күнбағыс майы сақтаулы.

Әлеуметтік маңызы бар тауарларды төмен бағада сату мақсатында Алматы қаласы бойынша арнайы сауда нүктелері ұйымдастырылған. Сондай-ақ сенбі және жексенбі күндері тұрақты түрде арнайы жәрмеңке жұмыс істейді.

Нұрлан Әуесбаев, «Алматы» әлеуметтік – кәсіпкерлік корпорация жанынан құрылған филиал директоры:  
-Мынандай қала бойынша 28 сауда павильондары бар. Олардың алға қойған мақсаттары әлеуметтік бағаны ұстау. Мұндай павильонның ішіндегі бағаны қарасаңыздар базар бойынша 15-30 процентке төмен.

Мәселен, мына дүкенде ең қажетті деген картоптың бір келісі 110 теңгеден, сәбіз 110 және пияз 65 теңгеден сатылады. Мұндай арзан бағадағы сауда нүктелерінің көп болғаны қуантады дейді қала тұрғындары.

Тұрақтандыру қоры құрылғалы бері шаһарға еліміздің әр өңірінен 45 мың тоннаға жуық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 16 түрі жеткізілген. Жергілікті бюджеттен бөлінген қомақты қаржының арқасында осы тауар түрлерінің бағасы тұрақты дейді жауапты мамандар.

Азизжан Тұрғанов, «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының департамент директоры:  
-Биыл қыркүйек айында сатып алған 3 жарым мың тонна құмшекер бағаның өспеуіне айтарықтай әсер етті. Қазір бағасы 220 мен 240 теңгенің арасында. Ал, наурыз айында 350 келі қарақұмыққа тауарлық интервенция жасаған болатынбыз. Соның арқасында сауда орындарының сөрелеріне 305 теңгеден саудаланып жатыр.

Жедел шаралар пакетін іске асырғанның арқасында Алматыдағы әлеуметтік өнім бағасының индексі өңірлердегі 19 қаланың ішінен 17-ші орынға тұрақтады.

Көз: Qazaqstan.tv

crossmenu