6 июня, 2024

Қанат Балықбаев: «Алматы ӘКК» қала экономикасына 1,1 трлн теңге қаржы салды

«Алматы Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» (ӘКК) 2010 жылы құрылып, содан бері тиімді жұмыс істеп келеді. Негізгі міндеті — активтерді тиімді басқару, бизнеске қолдау көрсету. «Алматы ӘКК» Басқарма төрағасы Қанат Балықбаев Jasqazaq.kz сайтына бүгінгі атқарып отырған жұмыстары жайында айтып берді.

 

— Қанат Олжабекұлы, «Алматы» ӘКК» мегаполистің экономикалық дамуына қандай үлес қосады?

— «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы — қаланы дамытудың негізгі институты, мемлекет ресурстары мен бизнес арасындағы көпір. Еншілес компаниялармен бірлесіп, қала үшін басым бағыт болып табылатын әлеуметтік-маңызды және инвестициялық жобаларды іске асырамыз. Олардың арасында жергілікті микро, шағын және орта бизнесті жеңілдікті шарттармен қаржыландыру, ескі тұрғын үйлерді жаңарту, индустриялық аймақты дамыту, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру бар.

«Алматы ӘКК» жобаларына тоқталсақ, қазір 39 қалалық жобаны іске асыруға қатысып жатырмыз. Оның ішінде 27 әлеуметтік, 10 инвестициялық және 2 бюджеттік жоба бар. Осы жобаларға тартылған инвестиция көлемі 645 млрд теңгеден асады. Индустриялық аймақ шеңберінде тағы 498 млрд теңге тартылды. Былтыр ӘКК арқылы қала экономикасына 1,1 трлн теңгеден астам қаржы салынды.

 

— Алматының дамуындағы индустриялық аймақ пен шағын өнеркәсіп парктеріне қандай рөл тиесілі?

— Индустриялық аймақ 2015 жылы жеке кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау көрсету және қалада өнеркәсіптің басым салаларын дамыту мақсатында құрылды. Онда ірі кәсіпорындардан басқа, шағын және орта бизнес компаниялары жұмыс істейді.

Индустриялық аймақта ШӨП-ті қоса алғанда 90-нан астам жоба іске асырылды. 11 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Мұнда машина жасау, құрылыс индустриясы, химия және жеңіл өнеркәсіп, фармацевтика және тамақ өнеркәсібі, логистика және т.б. компаниялар бар.

 

— Алматы кәсіпкерлікті дамыту бойынша елімізде көш бастап тұр. «Алматы» ӘКК бизнесті қаржыландыру бойынша қандай жобаларды іске асырып жатыр?

— Алматы қаласында кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 2019 жылдың соңында «Almaty Business-2025» бағдарламасы қабылданды. Оның бір бағыты — бизнесті қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру.  Осы мақсатта ӘКК компаниялар тобына кіретін «Almaty Finance» ЖШС және оның еншілес компаниясы «Almaty» МҚҰ құрылды. Бұл ұйымдар бизнеске жеңілдетілген несие береді. Ол қаражатты кәсіпкерлер жабдық, шикізат сатып алуға, айналым қаражатын толықтыруға, бизнестің басқа да қажеттіліктерін өтеуге бағыттай алады.

«Almaty Finance»-те несиенің ең жоғарғы сомасы — 500 млн теңге, «Almaty» МҚҰ-да — 73 840 000 теңге. Биылғы 1 тоқсанда «Almaty Finance» пен «Almaty» МҚҰ 40 шақты жобаны қаржыландырды. Өз қызметі барысында осы ұйымдар 30 млрд теңгеге жуық сомаға 600-ге жуық бизнес-жобаны қолдады.

 

— ӘКК әлеуметтік маңызды азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытында қалай жұмыс істейді?

— Иә, ӘКК Алматы қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асыратын мамандандырылған ұйым.  ӘМАТ тізбесіне 19 тауар кіреді.

ӘМАТ бағасын тұрақтандыру тетігі екеу: азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын қалыптастыру мен басқару және кәсіпкерлік субъектілеріне «айналым схемасы» бойынша жеңілдетілген несие беру.

ӘМАТ-тың стратегиялық қорларын құру және қолдау мақсатында ӘКК оларды жеткізуге форвардтық келісімшарттар жасасады. Бұл, әсіресе, маусымаралық кезеңде бағаның өсуіне жол бермей, халықтың сұранысын уақытылы өтейді. 2023 жылы 3000 тонна қант пен 1000 тонна күріш сатып алынды. Былтырғы қазан айынан бастап қазіргі уақытқа дейін бұл тауарлар қаланың сауда желілерінде сатылады.

Айналым схемасы бойынша жеңілдікті қарыздар 2019 жылдан бастап қайтарымдылық, қамтамасыз ету және ақылы шарттарда беріледі. Несиелеу тауар өндірушілермен, ресми жеткізушілермен (дистрибьюторлармен) және ӘМАТ ретейлерімен шарт жасасу жолымен жүзеге асырылады. Қарыз 3 айдан бастап және одан жоғары мерзімге жылдық 0,01%-бен беріледі. Бұл  өндірушілерге өндіріс көлемін ұлғайтуға, сатушыларға қажетті көлемі  тартымды бағамен алдын-ала келісімшартқа отыруға және дүкен сөрелеріндегі шекті бағаларды ұстап тұруға мүмкіндік береді.

2019 жылдан 2023 жылға дейін ӘКК сауда нысандары арқылы 190 мың тоннадан астам өнімді өндіру және өткізу бойынша кәсіпкерлік субъектілерімен 34 шарт жасасты. 2023 жылы ӘКК осы мақсаттарға 10 млрд теңге қарыз берді, бұл 34 мың тонна ӘМАТ жеткізуге келісімшарт жасауға мүмкіндік берді.

ӘМАТ бағасын тұрақтандыру тетіктеріне қосымша ӘКК қаланың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірқатар басқа іс-шаралар өткізеді. Мысалы, ӘКК-нің 28 әлеуметтік сауда павильоны бар, онда Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы ұсынған бағалар бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін сату жүзеге асырылады, олар орташа нарықтық бағадан 10-15%-ға төмен болып келеді.

Сондай-ақ апта сайын 4 ауданда (Медеу, Алмалы, Бостандық, Әуезов) демалыс күнгі жәрмеңкелер өткізіледі. Онда тұрғындар фермерлік өнімдерді төмен бағамен сатып ала алады. Мәселен, 2023 жылы сондай 388 жәрмеңке өткізілді.

crossmenu