Алматы қалалық әкімдіктің мәліметіне сүйенсек, Жетісу ауданындағы Крылов-Скрябин-Гончаров-Райымбек учаскелерінде 304 пәтерлік, Казаков-Скрябин-Боткин-Райымбек учаскелерінде 183 пәтерлік 2 көп функционалды тұрғын үй кешенінің құрылысы 40%-ға аяқталды.
Сондай-ақ, Түрксіб ауданындағы Молдағалиев-Сауранбаев-Чернышевский-Толстой көшелерінің шаршысында 62 пәтерлік 3 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталды.
Мұнда тұрған тозығы жеткен үйлердің орнына заманауи тұрғын үйлер бой көтереді. Құрылыс аяқталғаннан кейін бұдан бұрын оларда тұрған тұрғындар жаңа пәтерге көшеді.
Жаңа құрылыстар сейсмикалық төзімділікті ескере отырып және барлық заманауи стандарттарға сәйкес, оның ішінде, халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарының қолжетімділігі мен өмір сүруінің ыңғайлылығын назарға ала отырып жобаланған.
Жаңа тұрғын үйлерден басқа, аумақтарда халыққа қызмет көрсету, әлеуметтік нысандар салынады, жаңа желілер тартылады және қоғамдық кеңістіктер пайда болады.
Құрылысты қаржыландыруды жеке инвесторлар жүзеге асырады.
Тұрғын үйдің жалпы ауданы 96 мың шаршы метрден асады. Алғашқы үйлер 2022 жылы пайдалануға беріледі.
Естеріңізге сала кетейік, Тұрғын үй қорын қалпына келтірудің 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасы Алматы қаласы әкімдігінің қаулысымен бекітілген.
Оны іске асыру аясында 708 тозығы жеткен үйді ауыстыру және олардың орнында 683 жаңа тұрғын үй салу көзделген.
Көз: Kaziform