Шаһарда «Білім студиясы» ашылды. Ол – өнерге, шығармашылыққа жақын 5-13 жас аралығындағы өрендерді шеберлікке баулитын, үйрететін, дамытатын орталық. Онда өтетін сабақтар бағдарламасында сурет салу, мүсін, гербарий жасау негіздері қарастырылған.
Орталықтағы орындардың 25%-ы әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды тегін оқытуға бөлінген. Бұл өнер мектебіндегі тағы бір ерекшелік, сабақтарды Қазақстанның халық суретшілері, білім беру үздіктері және Суретшілер одағының мүшелері секілді нағыз кәсіби мамандар өтеді.
Білім студиясына «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы үлкен қолдау көрсетті. Нақтырақ айтсақ, студияға арнайы ғимарат бөліп, онда жеткіншектердің сапалы білім алуы үшін жеке сыныптар ашып берді.
– Өнерді дәріптеуге, жас ұрпақтың шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған осындай орталықтар ашу өте маңызды. Біз осындай әлеуметтік жобаларды одан әрі қолдауды және көкжиегін кеңейтуді жоспарлап отырмыз, – деді «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның Басқарма төрағасы А.Білісбеков.
Көз: Almaty Aqshamy