27 февраля, 2020

Алматыда шағын және орта бизнес өкілдері үшін арнайы өндірістік парк ашылады

Басты талап – кәсіпкер өндіріспен айналысуы тиіс

Алматыда шағын және орта бизнес өкілдері үшін арнайы өндірістік парк ашылады

Алматыдағы индустриалдық аймақта шағын және орта бизнес өкілдері үшін арнайы өндірістік парк ашылады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бүгін аталған жобаның таныстырылымы өтті. Кез  келген алматылық бизнес өкілі өндірістік парктен өзіне қажетті ғимаратты жалдап қана қоймай, жеңілдетілген несие де ала алады. Сондай-ақ, Наурызбай ауданындағы жекеменшік базаларды да әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жалдауға болады. Ондағы басты талап – кәсіпкер өндіріспен айналысуы тиіс.

«Келесі аптада парктің құрылыс жұмыстарының барлық құжаттары дайын болады. Бұл жобаға қаражат құятын инвестор да дайын. Олар құрылыстың алғашқы кезеңі осы жылдың шілде айында аяқталады деп жоспарлап отыр», – деді   «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Басқармасының төрағасы Асқар БІЛІСБЕКОВ.

Жобаның таныстырылымынан шыққан кәсіпкерлер индустриалды аймақта орналасқан бірнеше зауытты аралап, ондағы жағдайды өз көздерімен көріп қайтты. Әзірге өндірістік парктің аумағы 3 гектар болады деп жоспарлануда. Егер қызығушылық танытқандар болса, жер көлемін кеңейтуге де болады дейді.

«Әрине, бұл – кез келген кәсіпкерге мол мүмкіндік. Себебі жеңілдетілген несие жұмысын енді бастап жатқандар мен бұрыннан кәсібін дөңгелетіп жүрген үшін көп көмегін тигізеді», – деді кәсіпкер Асанәлі ЖӘМІЛ.

Көз: Алматы TV

crossmenu