31 июля, 2025

Алматыда Қазақстандағы алғашқы құбырлы электр жылытқыштар өндірісін іске қосу қаржыландырылды

«Almaty Business – 2025» кәсіпкерлікке қолдау көрсету бойынша өңірлік бағдарламасы аясында «Алматы» ӘКК» АҚ еншілес ұйымы — «Almaty Finance» ЖШС «KELET Machine-Building Plant» ЖШС-ға еліміздегі алғашқы құбырлы электр жылытқыштар өндірісін іске қосуға 500 млн теңге бөлді. Қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық 6% (ЖТСМ), кредиттеу мерзімі — 5 жылды құрады.
Компания өз инвестициялары есебінен қаланың Жетісу ауданында өндірістік корпусқа күрделі жөндеу жүргізді, бизнес-жоспар әзірленді. Қарыз қаражаты бұйымдардың бет үстін дайындау, ұнтақты жабын жағу және кептіру үшін итальяндық қондырғыны, сондай-ақ бояу желісін сатып алуға бағытталатын болады.
Өндірісті жаңғырту Қазақстанның ірі машина жасау кәсіпорындарының бірі «КЕЛЕТ» АҚ еншілес құрылымына жобалық қуаты жылына 1 млн бірлікке дейінгі құбырлы электр жылытқыштардың жаппай шығарылымын жолға қоюға мүмкіндік береді. Жоба импортқа тәуелділікті азайтады, отандық энергия тиімді жабдықтар ассортиментін кеңейтеді және экспорттық әлеуетті нығайтады.
Жаңа өндіріс желісін іске қосудан басқа, жоба шеңберінде қолданыстағы бояу желісі жаңартылатын болады. Модернизация түстер арасындағы ауысуды жылдамдатады, бояу шығынын азайтады және электр жылытқыштарын, калориферлерді, электрлі конвекторларды және газ қазандықтарын шығару кезінде өнімділікті арттырады.
«Жобаны іске асыру энергия тиімді жабдық сегментіндегі жергілікті өндірістің үлесін арттырады, 20 жаңа тұрақты жұмыс орнын ашады, сондай-ақ тек 5 жыл ішінде бюджетке 800 млн теңгеден астам сомаға салық түсімдерін қамтамасыз етеді», — деп атап өтті «Almaty Finance» ЖШС Басқарма төрағасы Берік Құсайынов.
Өндірісті іске қосу келесі жылдың наурыз айына жоспарланған.

crossmenu