ТДМ-ның 26 міндеті бойынша 9,36 млрд теңге көлеміндегі ҮЕҰ-дың 150 бастамасының нәтижесі қандай?
«Тұрақты даму» деген тіркесті естігенде, бұл бір алыс ұғым – конференциялар, есептер мен даңғаза сөздер туралы сияқты көрінуі мүмкін. Алайда шын мәнінде бәрі әлдеқайда қарапайым. Бұл – ауа таза болғанда, көлік дұрыс жұмыс істегенде және экология қолжетпес сәнге айналмай, күнделікті құндылық болып қалғандағы қалыпты өмір туралы.
Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) – әлем 2015 жылы қабылдаған жоспар. Бұған дейін кедейлікпен, аурулармен және теңсіздікпен күресудің Мыңжылдық даму мақсаттары болған.
Кейінірек бұл тақырыптардың жеткіліксіз екені анықталды. Әділеттілік, экология, технологиялар және ашық институттар болмайынша, ешқандай даму болмайтыны белгілі болды.
Осылайша 17 Тұрақты даму мақсаты пайда болды. Олардың қатарында: кедейлік пен аштықты жою, сапалы білім, тең мүмкіндіктер, таза энергия, орнықты қалалар, инновациялар, экожүйелерді қорғау және бейбіт қоғам құру бар. Бұл мақсаттардың барлығы өзара тығыз байланысты. Негізгі идея – жай ғана өсу емес, адамның жақсырақ өмір сүруіне мүмкіндік беретін өсімге қол жеткізу.
Алматы: ТДМ-ды тәжірибе жүзінде сынақтан өткізуді шешкен алғашқы қала
2024 жылы Алматы жаһандық мақсаттарды тәжірибе жүзінде қалай қолдануға болатынын тексеруді шешкен Қазақстандағы алғашқы қала болды. Осылайша Ерікті жергілікті шолу (ЕЖШ) әзірленді. Ол тұрақты даму міндеттерімен нақты байланысы бар қалалық бағдарламаларға қатысты деректер жинақталған құжат.
Бұл шолуды Алматы қаласының Даму орталығы БҰҰДБ-ның қолдауымен, сарапшылардың, қоғамдық ұйымдардың және зерттеу орталықтарының қатысуымен әзірледі.
Бұл шолудың басты ерекшелігі – мәртебе емес, тәсіл. Біріңғай цифрлардың орнына нақты бағыттар ұсынылды: көлік, экология, білім беру, жұмыспен қамту. Шын мәнінде, бұл формалды түрде ғана дайындалған құжат емес, жоспарлау құралы болып табылады. Ол қандай шешімдер тұрғындардың өмірін шынымен жақсартатынын, ал қайсысы тек дамудың көрінісін жасайтынын түсінуге көмектеседі.
Ал бір жылдан кейін Алматы жаңа деңгейге көтеріліп, Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Тұрақты даму мақсаттары бойынша БҰҰ-ның Өңірлік орталығына айналды.
Егер ЕЖШ – қаланың өзін, өзінің нәтижелерін іштен бағалауы болса, жаңа орталық – Алматы өз тәжірибесімен бөлісетін және көрші елдерге сол бағытта ілгерілеуге көмектесетін алаң. Енді экология, инклюзия, цифрландыру және орнықты өсім бойынша өңірлік бастамалар дәл осы жерде талқыланып, келісілетін болады.
Осылайша Алматы жергілікті шешімдердің үлгісінен халықаралық күн тәртібіндегі маңызды үйлестіру орталығына біртіндеп айналып келеді. Бұл – тұрақтылық нақты практикаға біртіндеп енгізіліп жатқан қала.
Алматы ТДМ тұрғысынан: қаланың негізгі проблемалық тұстары
Алматыға Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) призмасы арқылы қарағанда, қаланың көптеген мәселелері бұрыннан айқындалғанымен, олардың шешілу қарқыны біркелкі емес екені көрінеді.
ТДМ-мен тікелей байланысты, бірақ әзірге тиімді орындалмай жатқан бірнеше мәселелердің мысалы төмендегідей.
ТДМ №3 – Денсаулық және амандық
Алматы өңірдегі ең ластанған он қаланың қатарына тұрақты түрде еніп келеді. Шығарындылардың 80%-дан астамы көлікке тиесілі, ал PM2.5 деңгейі ДДСҰ нормасынан бірнеше есе жоғары. Соның салдарынан тыныс алу және жүрек-қан тамыр жүйесі ауруларының саны өсуде.
ТДМ №11 – Тұрақты қалалар мен елді мекендер
Қала инфрақұрылымынан жылдамырақ өсіп келеді. Көліктің орташа жылдамдығы шамамен 25 км/сағ, ал әр мың тұрғынға 400-ден астам автомобильден келеді. Жаңа аудандар қоғамдық көліктің, жарықтандырудың және абаттандырылған аулалардың жетіспеушілігін сезінуде.
ТДМ №10 – Теңсіздікті азайту
Кедергісіз орта баяу дамуда: аялдамалардың тек үштен бірі және әлеуметтік нысандардың шамамен 40%-ы ғана мүмкіндігі шектеулі адамдарға бейімделген.
ТДМ №6 – Таза су және санитария
Кейбір шеткі аудандарда орталықтандырылған су және кәріз жүйесіне қосылу әлі жоқ, ал желілердің тозу деңгейі 60%-ға жетеді.
ТДМ №7 және №13 – Таза энергия және климаттың өзгеруімен күрес
Алматы әлі де көмірге, әсіресе ЖЭО-2 жұмысына тәуелді. Газға көшу баяу, қымбат және инфрақұрылымды қайта құруды талап етеді. Соның салдары – қыс мезгілінде әр тұрғынға таныс тұмша пен созылмалы аурулар.
ТДМ №12 – Жауапты тұтыну және өндіріс
Қала жыл сайын шамамен бір миллион тонна қоқыс шығарады, бірақ оның тек 8%-ы ғана қайта өңделеді. Қалдықтарды сұрыптау тек жекелеген аудандарда бар, ал кәсіпорындардың басым бөлігі минималды қуатта жұмыс істейді.
ТДМ №9 – Инфрақұрылым және инновациялар
Тозған коммуникациялар, тұрақты қазбалар және жауын кезінде өз міндетін атқара алмайтын нөсер кәріздері – қалыпты көрініс. Шексіз жөндеулердің орнына ТДМ нәтижеге назар аударуды ұсынады: өмір сүру қолайлырақ болды ма деген сұраққа жауап іздеу қажет.
ТДМ №4 және №8 – Білім беру және еңбек
Жас мамандар жиі өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмайды, ал төмен біліктілікті сектор шамадан тыс жүктелген. Бұл әлеуметтік тұрақтылыққа әсер етіп, еңбек нарығында теңгерімсіздік тудырады.
ТДМ №16 және №17 – Институттар және әріптестік
Мәселе – үйлестіруде. Жолдар, көлік, абаттандыру және экология үшін әртүрлі ведомстволар жауапты, ал тұтас картинаны көретіндер сирек. ТДМ шешімдерді келісімді, бір бағытқа – өмір сапасын арттыруға бағыттайтын жүйе құруға мүмкіндік береді.
Сондықтан ТДМ – түсініксіз халықаралық аббревиатура емес, қалалық басымдықтарды реттеудің тәсілі: жүйенің қай бөлігінде жұмыс жүріп жатқанын, ал қай бөлігінде тек қолмен басқару арқылы жүзеге асып тұрғанын айқындауға мүмкіндік беретін құрал. Ең бастысы – бұл мақсаттардың әрбір тармағы есептегі сан емес, нақты адамның өмір сапасы екенін түсіну.
Азаматтық альянс: ТДМ-ды қарапайым тілмен қалай түсіндіруге болады
Алматыда ТДМ ілгерілету мен осы саладағы ағартушылықпен қаланың Азаматтық альянсы айналысады. Альянс ҮЕҰ, қоғамдық ұйымдар және партиялар үшін семинарлар мен кездесулер өткізіп, ТДМ-ды тәжірибеде қалай қолдануға болатынын түсіндіреді.
Альянс төрағасы Қайыржан Абдыхалықовтың айтуынша, ТДМ «халықаралық күн тәртібі» ретінде ғана қабылданбай, алматылықтардың өздері үшін қолданылатын құралға айналуы маңызды.
Маңызды қалалық мәселені шешудің нақты мысалы:
«Біз мемлекеттік мектептердің шалғай аудандарда тұратын оқушылары үшін тегін оқушы тасымалын ұйымдастыруға қол жеткіздік. Таңертең оларды мектепке жеткізеді, ал сабақтан кейін үйлеріне апарады», – деді Абдыхалықов
Сонымен қатар, Алматының ТДМ бойынша Азаматтық альянсының мүшелері 2030 жылға дейін барлық жолаушы көлігін газға көшіруді көздеп отыр. Бұл Тұрақты даму мақсаттарының талаптарына толық сәйкес келеді.
Альянс сарапшылармен бірлесіп, 2024 жылы ҮЕҰ жүзеге асырған жобаларға талдау жүргізіп, олардың қайсысы ТДМ міндеттерімен сәйкес келетінін анықтады.
Нәтижелер айтарлықтай:
ТДМ-ның 26 міндеті бойынша 9,36 млрд теңге сомасына жүзеге асырылған 150 бастама;
Қалғандары «көлеңкеде» жұмыс істейді, бұл жаман ниеттен емес, тек қалыптасқан әдеттен туындаған деп үміттенеміз. Сондықтан олардың жетістіктері алматылықтардың аз бөлігіне ғана белгілі, ал көпшілік үшін олар әлі де беймәлім болып қалып отыр.
ТДМ жөніндегі сарапшы Сергей Цой семинарда атап өткендей, ашық статистикасыз кімнің нақты өзгеріс жасап жатқанын және қандай бағытта жасап жатқанын түсіну мүмкін емес.
2025 жылы Альянс кез келген адам кімнің қандай жобамен айналысып жатқанын көре алуы үшін ҮЕҰ жобаларының бірыңғай онлайн-тіркелімін іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл – шын мәнінде кім және қалай жұмыс істеп жатқанын айтып беруге емес, оны нақты көрсетуге арналған талпыныс.
Бизнес: тұрақтылыққа деген практикалық қызығушылық
Бизнес үшін ТДМ-ға қатысу енді жай сән үшін жасалатын қадам емес. Бұл - ESG-тәсілінің логикасына сай құбылыс: экология (Environmental), әлеуметтік жауапкершілік (Social) және адал корпоративтік басқару (Governance) пиар емес, қалыпты нормаға айналып келеді.
Қазақстанда және нақты Алматыда мұның нақты мысалдары бар:
Әзірге бұл үрдіс негізінен ірі компаниялар мен институттарға тән. Алайда бұл ұзақ уақыт бойы «қосымша опция» болып қалмайды. Банктер мен инвесторлар мердігерлер мен серіктестерден ESG-ашықтық талап ете бастады, демек, жақын уақытта бұл қағидалар шағын бизнес үшін де қалыпты нормаға айналады. Құрылыс және көлік компанияларынан бастап, дәмханалар мен девелоперлерге дейін – барлығы экологияны, инклюзияны және ашықтықты ескеруге мәжбүр болады, өйткені тұрақтылық біртіндеп нарықтың жаңа тіліне айналып келеді.
ESG – негізінде бизнестегі ТДМ-ның практикалық бөлігі.
Иә, мұның бәрі жақсы, бірақ әзірге Қазақстандағы тұрақтылық эксперттердің, белсенділердің және жекелеген әкімдіктердің энтузиазмына сүйеніп тұр. Мұның жүйеге айналуы үшін әрбір мемлекеттік қызметкер шешім қабылдаған кезде қарапайым сұрақ қоюы қажет: бұл азаматтардың өмірін жақсарта ма, жоқ па? Сол кезде ғана ТДМ презентацияларда айтылатын жалықтыратын сөз емес, қалалық өмірдің нақты бөлігіне айналады.
Қазақстанның басқа қалаларында бұл үдеріс қалай дамитыны да әзірге белгісіз. Экологияға қатысты мәселелер де, халық теңдігіне байланысты проблемалар да еліміздің барлық өңірлері мен қалаларында бар. Алайда біз бұл мәселелердің нақты ауқымын әлі білмейміз, шешу жолдарын айтпағанның өзінде.
Дереккөз:
https://ratel.kz/outlook/tsur_almaty_pobedim_bednost_bolezni_i_stanem_ravnymi