27 қыркүйекте Алматыда еліміздегі алғашқы бокс-парк – теңіз контейнерлерінен құрылған серуендеу аймағы іске қосылды.
Жаңа формат дүкендерді, кафелерді, спорт студияларын, кеңсе кеңістігін және демалыс аймақтарын біріктіреді. Кешен Төле би мен Розыбақиев көшелерінің қиылысында орналасқан, оның ауданы 2,7 мың шаршы метрді құрайды. Мұнда мәдени іс-шараларға арналған жасыл аллеялар, ойын алаңдары мен ашық аспан астындағы амфитеатр көзделген.
Алматы бокс-паркі 17 сауда-кеңсе модулін қамтиды және бизнеске арналған қалалық инфрақұрылымды дамыту бағдарламасының бөлігі болды. Мамандардың айтуынша, мұндай формат экологиялық тазалығымен, құрылыстың жылдамдығымен және кеңістікті ұйымдастырудың қазіргі заманға сай тәсілімен ерекшеленеді.
Жобаны "Алматы" ӘКК еншілес ұйымы - "Almaty Finance" ЖШС қолдауымен "Ақ – Орда" компаниясы" ЖШС жүзеге асырды. 500 млн теңге көлеміндегі қаржыландыру «Almaty Business – 2025» бағдарламасы шеңберінде жылдық 6%-бен 7 жылға дейінгі мерзімге берілді. Жыл сайын кешен қала бюджетіне 30 млн теңгеге жуық салық түсімін әкеледі.
«Ел мен қала үшін концептуалды түрде жаңа променад қала тұрғындарын тартатын нүктеге айналады, жайлы қалалық ортаны, қазіргі заманғы архитектура мен бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдайларды біріктіреді. Сонымен қатар, жоба аясында қала бюджетіне жыл сайын салық түрінде 30 млн теңге түседі», - деп атап өтті «Almaty Finance» ЖШС Басқарма төрағасы Берік Құсайынов.