4 августа, 2022

Алматыда шетелдік инвесторларды тарту жұмыстары жүргізілуде

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Берік Солтанбаев мәлімдеді. Мегаполистің негізгі шетелдік инвесторлары ТМД елдері, Таяу Шығыс, АҚШ, Түркия және Израиль.

Б.Солтанбаевтың айтуынша, 2022 жылдың бірінші тоқсанында шетелдік инвестициялар ағыны 1,6 млрд АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 40,4%-ға артық.

Биыл 2,1 млрд теңге сомасына екі шетелдік жоба іске асырылды. Олардың ішінде технологиялық үдерістерді басқарудың автоматтандырылған жүйелері мен аварияға қарсы қорғау жүйелері шкафтарын шығару бойынша инновациялық өндіріс бар.

«Жобаны Fortune 500 тізіміне кіретін және электрондық басқару және автоматтандыру жүйелері нарығындағы әлемдік көшбасшылардың бірі болып табылатын американдық Honeywell корпорациясы жүзеге асырады», - деді спикер.

Тағы бір инвестжоба «International Business Group» ЖШС бастамасымен медициналық орталықтың құрылысы бойынша жалпы сомасы 2 млрд теңгеге 150 жұмыс орнын құрумен басталды.

Шетелдік инвесторлармен жұмыс аясында қалада шетелдік қатысумен бірқатар жаңа жобалар пысықталуда.

Мысалы, ірі инвестор қаражаты есебінен Алматы қаласының халықаралық әуежайының жаңа терминалы салынуда.

«Жаңа терминал әуежайдың өткізу қуатын жылына қазіргі 2,5 миллион жолаушыдан 14 миллионға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Жобаның жалпы құны 90 млрд теңгені құрайды. Іске асыру мерзімі 2024 жылға жоспарланған», - деп жалғастырды Б. Солтанбаев.

Шетелдік қатысуы бар тағы бір жоба Алматы индустриялық аймағының аумағында желатин өндіру зауытын салу болып табылады.

Осы мақсатта Iskefe түрік холдингіне 4,5 гектар жер телімі бөлінді. Компания зауыт құрылысына 9,8 млрд теңге салып, 100-ден астам тұрақты жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр. Зауыттың өндірістік қуаты 7 мың тоннадан астам желатин шығаруға мүмкіндік береді.

Б. Солтанбаев Mercedes көпфункционалды автоорталығының құрылысы жалғасып жатқанын айтты. Жоба құны 10,5 млрд теңгені құрайды, 250 жұмыс орны ашылады.

Сонымен қатар, жақын арада шетелдік инвесторлар «Леруа Мерлен Қазақстан» гипермаркетін салу жобасын іске асыруды бастайды.

crossmenu