Алматы қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағасын тұрақтандыру шараларын іске асыру шеңберінде «Алматы» ӘКК» АҚ «Алатау-құс» АҚ-мен тауық еті (жіліншік) өнімін жеткізу және өткізу бойынша алдын ала шартпен берілетін қарыз шартына қол қойды. «Алатау-құс» брэндтік 30 дүкеніне 358,8 тонна жіліншік жеткізіліп, тұрғындарға килограмы 1 650 теңгеден сатылатын болады. Бағаны тұрақтандыру кезеңі 24 айды құрайды.
Бұған қоса, «Алатау-құс» АҚ-мен бұған дейін жасалған қарыз беру туралы шарт аясында тауықтың жіліншігі мен санының килограмы 1 100 теңгеден сатылымда қала береді.
Сонымен қатар, «Алматы» ӘКК» АҚ жергілікті тауар өндірушілерден 4 500 тонна құмшекер сатып алды. Отандық қант «Magnum», «Small», «Toimart», «Столичный», «Юбилейный» және басқа да сауда желілері арқылы сауда үстемесі 10%-дан аспайтын мөлшерде өткізілетін болады. Өндірушінің өткізу бағасы - килограмы 405 теңге, сауда үстемесі 10%-дан аспайды. Баға тұрақтандыру шаралары келесі жылдың қарашасына дейін күшінде болады.
Бұдан бөлек, биылғы жылдың наурыз айында «Алматы» ӘКК» АҚ мен «Magnum Cash&Carry» арасында ӘМАТ-тың 11 атауы бойынша, жалпы көлемі 606 тонна тауарға баға тұрақтандыру мақсатында қарыз беру туралы шарт жасалды. Тізімге келесі тауарлар енгізілді: қарақұмық жармасы, макарон өнімдері (салмақпен өлшенетін), күріш жармасы, күнбағыс майы, 2,5% майлылығы бар жұмсақ қаптамадағы айран, 72,5% майлылығы бар сары май, 2,5% майлылығы бар жұмсақ қаптамадағы пастерленген сүт, тауық еті (жіліншік, сан), бірінші сұрыпты ұн, сиыр еті (жауырын–төс бөлігі) және тұз. Бағаларды тұрақтандыру шаралары 2026 жылғы наурыз айына дейін жалғасады.
Жұмыртқа бағасын тұрақтандыру шеңберінде «Сары-Бұлақ» компаниясы» ЖШС құс фабрикасымен 2024 жылғы қазаннан 2027 жылғы қазанға дейінгі кезеңде бірінші санатты 86,4 миллион дана жұмыртқа өндіру және өткізу бойынша қарыз беру туралы шарт қолданыста. Аталған өнім қаладағы ірі сауда желілері («Magnum», «Small», «A-store.kz», «Metro»), «Алатау-Құс» фирмалық дүкендері және «үй жанындағы» шағын дүкендер арқылы сатылады. Өндірушінің өткізу бағасы - данасы 51 теңге, ал дүкен сөресіндегі баға сауда үстемесі 15%-дан аспайтын мөлшерде белгіленеді.
Бұдан бөлек, Алматы қаласында әр сенбі және жексенбі күндері қаланың бес ауданында «Алматы» ӘКК» АҚ ұйымдастыратын «демалыс күнгі» ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткізіледі:
Баға тұрақтандыру шаралары аясында жәрмеңкелерде әлеуметтік маңызы бар өнімдер нарықтық бағадан 15–20% төмен сатылады.