28 июля, 2025

Алматыдағы «Алғабас» шағын ауданында екі жайлы мектеп салынады

«Алматы» ӘКК» АҚ еншілес ұйымы — «Almaty Finance» ЖШС — «NP Almaty» ЖШС-ға Алғабас шағын ауданында 2 000 және 1 200 орындық екі жалпы білім беретін мектеп құрылысына 5 миллиард теңге бөлді.
Қаржыландыру Қазақстандағы оқушы орындарының тапшылығын және үш ауысымдық оқытуды жоюға бағытталған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы, сондай-ақ «Almaty Business-2025» кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылады. Қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық 10% (ЖТСМ) құрайды, қаржыландыру мерзімі — 1 жыл.
Қарыз алушы — «NP Almaty» ЖШС — жайлы, инклюзивті және қауіпсіз орта құра отырып, бірыңғай сәулет және білім беру стандартында мектептер құрылысын көздеген. Оқу орындары STEM-зертханасымен, робототехника, физика, химия, биология кабинеттерімен, интеллектуммен, компьютерлік сыныптармен, акт залымен, медиатекамен, коворкингпен, шеберханалармен, сондай-ақ көшедегі ойын және спорт аймақтарымен жабдықталады.
Сонымен қатар, мектептер жас ерекшеліктеріне қарай — бастауыш, негізгі және орта болып бөлінеді, асхана мен спорт залдары бөлек болады.
Ғимараттарда бейнебақылау, ескерту және қауіп-қатер туындаған кезде есіктерді автоматты түрде бұғаттау жүйелері орнатылады.
Мектептердің ашылуы 2026 жылдың қаңтарына жоспарланған.
«Жоба қаланың белсенді дамып келе жатқан Алатау ауданында мектеп орындарының жетіспеушілігі мәселесін шешуге, балаларды жайлы және қазіргі заманғы оқу жағдайларымен қамтамасыз етуге, сондай-ақ 270-тен астам тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді», - деп атап өтті «Almaty Finance» ЖШС Басқарма төрағасы Берік Құсайынов.

crossmenu