Маусым 17, 2024

Алматыда шағын өнеркәсіп паркі салынады

Жоба «Алматы бизнес – 2025» кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып жатыр.

Алматыда кезекті шағын өнеркәсіп паркі салынады. Бұл туралы Алматы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жоба «Алматы бизнес – 2025» кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып жатыр. Жауаптылардың айтуынша, жаңа нысан өз жұмысын Алматы индустриялық аймағында 2025 жылы қаңтарда бастайды

Бұл – Алматы индустриялық аймағында бой көтеріп жатқан жаңа шағын өнеркәсіп паркінің құрылысы. Нысан ашылғаннан кейін мұнда 400-ге жуық жұмыс орны беріледі деген жоспар бар. Өндіріс паркі жалпы ауданы шамамен 2,5 мың шаршы метр болатын аумақта орналаспақ.

– Өндіріс паркінің екінші бөлігі салынып жатыр. Құрылыс жұмыстары былтыр тамызда басталған. Қыркүйекке дейін аяқтап, 2025 жылы жұмысын бастайды деген жоспар бар, – деді инвестор Якубжан Искандиров.

Сондай-ақ бұл алаңдар бизнеске жеңілдетілген шарттармен жалға беріледі. Яғни әр  шаршы метр үшін кәсіпкерлер 1350 теңгеден төлейді.

– Бағыттардың бірі – шағын өнеркәсіп парктерін қаржыландыру. Айта кетсек, шағын өндірістік парктің негізгі идеясы – шағын және орта кәсіпкерлерге өндірісті бастауға дайын инфраструктураны жеңілдетілген жалға беру, – деді  «Almaty finance» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары Жұлдыз Игенов.

Ал тау-кен жабдықтарын  жөндеумен айналысатын кәсіпорын 2019 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Азаматтар «кәсібіміз шағын өнеркәсіп паркінде өркендейді» деп 3 жыл бұрын осында орналасыпты. Кәсіпкер «бизнес иелері үшін жасалған жағдай, дайын инженерлік инфрақұрылым көңілімізден шықты» дейді.

– 2019 жылдан бері кәсібіміз үшін қолайлы орын іздедік. Араға 2 жыл салып, индустриалдық аймаққа келдік. Біздің салаға көгілдір отын қажет, сондықтан осы жер ыңғайлы болды. Кәсіпкерлер үшін жақсы жағдай жасалған. Қажеттінің бәрі бар, – деді кәсіпкер Мерхат Байғожинов.

Айта кетейік, Алматы қаласы аумағында 30-дан астам шағын өнеркәсіп паркі жұмыс істейді, оның 11-ін Almaty Finance қаржыландырған.

Гүлмарал Изатқызы, Мейрам Исабеков, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

 

crossmenu