Маусым 4, 2024

Алматыда жыл соңына дейін электромобильдерге арналған зарядтау станцияларының саны екі есе артпақ

Алматыда «Жасыл экономиканы дамыту және таксиге электр авто сатып алуға жеңілдікпен қаржыландыру мәселелері бойынша» кеңес өтті. Іс-шараға Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасы, қала әкімдігі жобалық кеңсесінің, «Алматы» ӘКК, «Алматы паркинг», «Алматы қаласын дамыту орталығы», «Яндекс.Такси» және «inDrive» такси агрегаторларының, электрокарлардың «Astana Motors» және «Orbis Auto» дилерлері мен дистрибьюторларының өкілдері сондай-ақ қоғам белсенділері мен экологтар қатысты.

Кездесу барысында «Алматы паркинг» қаладағы зарядтау станцияларының саны жыл соңына дейін екі еседен астамға – 150-ден 311 бірлікке дейін артатынын хабарлады.
Айта кетері, 2023 жылдың қорытындысы бойынша Алматыда автокөлік құралдарының зиянды шығарындылары 112 мың тоннадан асты, бұл барлық шығарындылардың жалпы көлемінің 60%-ын құрады.
Алматыда қалалық әкімшілік полиция басқармасының деректеріне сәйкес 2024 жылдың 1 мамырына барлығы 615 мың автокөлік тіркелген, «Сергек» АБК деректері бойынша қалаға күн сайын тағы 400 мың көлік келеді. Сондай-ақ, түрлі бағалаулар бойынша, мегаполисте 80 мыңнан астам такси жүргізушісі ресми тіркелген. Осыған байланысты, қалада такси жүргізушілерінің электромобильдерге кезең-кезеңімен ауысуы үшін қажетті жағдайлар жасау жоспарланған.

«Барлық мүдделі тараптардың бірлескен ынтымақтастығы таксидін электромобильдерге сәтті ауысуының кілті болып табылады. Мұндай тәсіл зиянды шығарындылар көлемін азайтуға және мегаполистегі ауа сапасын жақсартуға, сондай-ақ мегаполис үшін жаңа экономикалық мүмкіндіктер құруға ықпал етеді», - деп атап өтті «Алматы» ӘКК Басқарма төрағасы Қанат Балықбаев.

Естеріңізге сала кетейік, 22 мамыр күні Мәжіліс депутаттары пленарлық отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экологиялық таза көлікті танымал ету және электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды екінші оқылымда қабылдады. Заң жобасы электромобильдердің инфрақұрылымын дамытуды көздеп отыр. Оның негізгі нормалары «электромобиль» және «электрмен зарядтау станциясы» ұғымдарын енгізуге, электромобильдердің тұрағы үшін арнайы бөлінген орындарды бөлуге, электрмен зарядтау станцияларын орналастыруға, электромобильдердің иелерін тұрақ орындарына ақы төлеуден босатуға және т.б. бағытталған.

crossmenu