Маусым 25, 2021

Алматы мен Алматы облысының әкімдіктері Алматыда көкөністер мен азық-түлік тауарларын үздіксіз жеткізу туралы келісті.

24 маусымда әкімдіктер, "Алматы "ӘКК" АҚ, "Жетісу "ӘКК "РИР" АҚ және өңірдің тауар өндірушілері өкілдерінің қатысуымен делегация Азық-түлік өнімдерін өндіру зауыттарында ("Маревен Фуд Тянь-Шань" ЖШС), қантта ("Ақсу Кант" ЖШС, "Көксу қант зауыты" ЖШС), "Ақ Құс" құс фабрикасында ("Когер ЛТД" ЖШС), пияз және картоп өсіру бойынша шаруа қожалықтарында ("Үштөбе" ШҚ, "Насдана" ШҚ, "Баймұрат"ШҚ) болды.

Сапар аясында Алматы қаласы мен Алматы облысы әкімдерінің орынбасарлары Мақсат Кикимов пен Серік Тұрдалиев Алматыға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын үздіксіз жеткізу бойынша өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.

"Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша алғаш рет Алматы облысының тауар өндірушілерінен азық-түлік өнімдерін тікелей жеткізу бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді. Енді фермерлер Алматыға көкөністер, қант, сүт өнімдері, құс еті, жұмыртқа, макарон өнімдері мен басқа да азық-түлік тауарларын жеткізетін болады. Сонымен қатар, бұл жеткізілімдерді өндірушілер қаланың сауда желілері мен базарларына делдалдардың ұзақ тізбегінсіз тікелей жүзеге асырады. Біз сондай - ақ ұсынылған бағаларға сәйкес жеткізуді жүзеге асыру және жеткізілетін өнім бағасының негізсіз көтерілуіне жол бермеу туралы келістік", - деп хабарлады Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мақсат Кикимов.

Алматы қаласының әкімдігі азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін бірқатар кешенді шаралар қабылдауда: әлеуметтік маңызы бар азық - түлік тауарларының 15 атауын белгіленген, төмендетілген бағамен сатып алу және сату үшін Magnum және Toimart ірі сауда желілеріне, нан жеткізу үшін "Ақсай "ХБК" ЖШС, сиыр еті мен тауық етін жеткізу үшін "Union Products" ЖШС, сиыр етін жеткізуді ұйымдастыру үшін "Асыл Meat" ЖШС жеңілдікті қарыздар берілді.

Сондай-ақ, "Ақсу Кант" ЖШС-нен "Магнум" сауда желісіне тіркелген баға бойынша 3,5 мың тонна қант жеткізу басталды, 3 жыл мерзімге белгіленген шекті баға бойынша 49,6 млн.жұмыртқа жеткізуді ұйымдастыру үшін "Алсад" ЖШС-не "айналым" қарызын беру мәселесі пысықталды.

crossmenu