Қыркүйек 15, 2022

Алматы және Пусан ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды

Қазақстан Республикасы мен Корей Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 30-жылдығы шеңберінде Алматы және Пусан қалаларының арасында достық пен ынтымақтастық орнату туралы Меморандумға қол қою рәсімі өтті.

Меморандум түрлі салаларда, оның ішінде, экономика, туризм, мәдениет, білім, шығармашылық индустрия (кино және цифрлық медиалар) салаларында өзара ынтымақтастықты көздейді. Құжатқа Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров, сондай-ақ Пусан қаласының экономика жөніндегі вице-мэрі Ли Сонгвун қол қойды.

Сондай-ақ,  кездесу шеңберінде Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар  басқармасы мен Пусан қаласының экономикасын ілгерілету агенттігі арасында ынтымақтастық туралы Келісім жасалды. Құжатқа Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Берік Солтанбаев және Пусан қаласының экономикасын ілгерілету агенттігі Жаһандық бизнесті қолдау департаментінің директоры Ким Джаегаб қол қойды. Пусан қаласының делегациясы Алматы қаласына іссапармен «Еуразиялық экспедиция» шеңберінде келді. Оның негізгі миссиясы Еуропа мен Азияның белгілі бір елдерімен достық қарым-қатынастар орнату, жергілікті халықпен мәдениет және білім саласында тәжірибе алмасу, «ЭКСПО-2030» көрмесін (Пусан қаласы) ілгерілету шеңберінде Пусан қаласының танымалдылығын арттыру болып табылады.

crossmenu