Қаңтар 26, 2022

Алматыда зардап шеккен кәсіпкерлердің үштен бірі жақын күндері өтемақы алады

Алматыда өңірлік комиссияның шағын және орта бизнес субъектілерімен 2022 жылғы қаңтардағы тәртіпсіздіктер нәтижесінде келтірілген залал сомасын анықтауды түсіндіру бойынша кездесуі өтті.

«Кейбір шағын кәсіпкерлер қанша және не жойылғанын, ұрланғанын құжаттай растай алмай тұр. Мұндай жағдайларда мемлекеттік өтемақы алу үшін аудит пен бағалау жүргізу қажет. Бірақ бұл көп уақыт алатын өте күрделі процедуралар, ал адамдар қазір қалпына келіп, жұмыстарын жалғастыруы керек. Біз ірі бизнеске шағын кәсіпкерлерге көмек сұрап жүгіндік, бірден Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзе жауап берді, олар бюрократиялық процедураларсыз 3 млн теңгеге дейінгі шығын сомасымен 450 шағын кәсіпкерге жылдам көмектесу үшін өздерінің жеке қаражатынан 579 млн теңге бөлуді шешті. Бұл тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен барлық бизнес субъектілерінің 28% құрайды. Осы қолдаудың арқасында біз барлық өтінімдердің үштен бірін жабатын боламыз», - деді өңірлік комиссия төрағасы, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мақсат Кикимов.

Алдын ала мәліметтер бойынша, Алматыда тәртіпсіздік пен тонау салдарынан 1581 кәсіпкерлік субъектісі зардап шеккен. Шығын сомасы 45,6 млрд теңгені құрайды. Залал сомасын айқындау жөніндегі өңірлік комиссия зардап шеккен объектілер бойынша, оның ішінде жергілікті жерлерге шыға отырып, деректерді жинауды жалғастырады.

crossmenu